×

Елордада оңалту орталығында тәрбиеші ерекше балаларды ұрып-соққан (ВИДЕО)

Екі ата-ананың атынан арыз түскеніне қарамастан, орталық жұмысын әлі де жалғастырып жатыр

 Еркеғали Болатұлы 15.06.2022 | 13:43
фото: видеодан скриншот

Елордадағы ерекше балаларға арналған жекеменшік оңалту орталықтарының бірінен шу шықты. Ата-аналар бақылау камерасына түсіп қалған тәрбиешілердің балаларды жұлқылаған сәтін әлеуметтік желіге салып жіберген.

Elorda.info сайтының хабарлауынша, видеодан қала тұрғыны Жаңыл Ағабекова өзінің 3 жасар баласын танып, балабақша тәрбиешілерінің үстінен полицияға арызданыпты. Ол жекеменшік оңалту орталығында болған оқиғаны кездейсоқ әлеуметтік желілердің бірінен көріп қалған. Айтуынша, тілі шықпаған 3 жасар ұлы орталыққа 4 ай бойы барыпты. Келіншек соңғы кездері баланың мінезі өзгере бастағанын айтады.

Соңғы кездері балам оңалту орталығына бармаймын деп жылайтынды шығарды. Видеоны көрген соң, директорға «Бұл не деген бассыздық?» деп жазып жібердім. Кешірім сұрап, жауап қайтарыпты. Баламды жұлқылаған тәрбиеші ғана емес, мекеме басшылығы да жазаланса екен, – дейді Жаңыл Ағабекова.

Екі ата-ананың атынан арыз түскеніне қарамастан, орталық жұмысын әлі де жалғастырып жатыр. Ал полиция департаменті арыз бойынша «Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеуде міндетін орындамады» деген айыппен іс қозғаған. Сондай-ақ қалалық білім басқармасы да орталықтың үстінен прокуратураға арызданыпты.

Егер тәрбиешінің кінәсі дәлелденсе, оған 500 мың теңге көлемінде айыппұл салынып, 40 тәулікке қамауға алынуы мүмкін.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама