Тоқаев Украинадағы ахуалдың ушығуына байланысты шұғыл шаралар қабылдауды тапсырды
Президент еліміздегі жағдайды өз бақылауында ұстап отыр
Мемлекет басшысы Украинадағы ахуалдың ушығуына байланысты еліміздегі тиісті құрылымдарға шұғыл шаралар қабылдауды тапсырды. Бұл туралы президенттің кеңесшісі – баспасөз хатшысы Берік Уәли мәлімдеді, деп хабарлайды Halyq Uni.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев премьер-министрге, Президент әкімшілігінің басшысына және күштік құрылымдардың жетекшілері мен барлық әкімдерге Украина төңірегіндегі жағдайдың ушығуына байланысты негізгі әскери және азаматтық нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде шұғыл шаралар қабылдауды тапсырды, – деп жазды Берік Уәли Facebook-тегі парақшасына.
Дерекке қарағанда, Парламент палаталарының төрағалары да қабылданып жатқан іс-қимылдан хабардар етілген.
Президент еліміздегі жағдайды өз бақылауында ұстап отыр. Біздің еліміз үшін басты стратегиялық мақсат – тұрақтылықты, тыныштықты, заң мен тәртіп үстемдігін сақтау. Қазақстан славян екі халық арасындағы қақтығысты келіссөз арқылы тоқтату қажет екенін бірнеше рет мәлімдеген болатын, – деп толықтырды Берік Уәли.