Өскеменде өзін зорлады деп танысын жазықсыз айыптаған әйел сотталды
Өскемен қаласы №2 сотының үкімімен оның өзі кінәлі деп танылып отыр
Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасы қылмыстық істер бойынша қабылданған шешімдердің заңдылығын тексеру кезінде зорлау туралы жалған хабарлау фактісін анықтады, деп хабарлайды Halyq Uni.
Прокуратураның мәліметінше, тергеу барысында 2024 жылдың ақпан айында Ш. Атты әйел өзінің танысы К.-мен пәтерде масаң халде өз еркімен жыныстық қатынасқа түскен. Ал келесі күні ол құқық қорғау органдарына танысы өзін зорлағанын айтып, жалған мәлімет берген.
Әйелдің қылмыстық әрекеттерінің салдарынан жазықсыз адам қылмыстық қудалауға ұшырап, Өскемен қаласы полиция басқармасының өкілдері жалған қылмысты тергеуге жұмсалған.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде «жәбірленуші» «Ауыр қылмыс жасағаны туралы көрінеу жалған хабарлау» бабы бойынша қылмыс жасаудағы өз кінәсін толық мойындады және кінәні мойындау туралы мәміле нысанында процестік келісім жасасу туралы өтініш білдірді, – делінген хабарламада.
Өскемен қаласы №2 сотының үкімімен айыпталушы кінәлі деп танылып, шартты түрде 4 жылға бас бостандығынан айырылды.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.