Halyq Uni логотип
×

Сенат халықаралық орыс тілі ұйымын құруға келісім берді

2 жылда ұйымның жұмысына 131,4 млн теңге бөлінеді

 Дәурен Ерболат 21.11.2024 | 16:15
Сенат халықаралық орыс тілі ұйымын құруға келісім берді
Фото: Halyq Uni

Сенаттың жалпы отырысында «Орыс тілі жөніндегі халықаралық ұйымды құру туралы шартты ратификациялау туралы» заң мақұлданды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Андрей Лукиннің айтуынша, 2022 жылы 14 қазанда Санкт-Петербургтегі бейресми ТМД саммитінде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев орыс тілі бойынша халықаралық ұйым құру бастамасын ұсынды, оны 6 елдің мемлекет басшысы қолдады.

2023 жылы 13 қазанда Бішкекте ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысында Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан көшбасшылары орыс тілі бойынша халықаралық ұйым құру туралы шартқа қол қойған.

Ұйымның негізгі міндеті – орыс тілі мен ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің, сондай-ақ басқа елдер тілдерінің тығыз үйлесімі негізінде мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты сақтау және нығайту. Ұйымның жоғары органы министрлік конференциясы болады, оның құрамына шарт тараптарының бейінді министрліктерінің басшылары немесе шарт тарапы уәкілеттік берген министрден төмен емес мәртебедегі өзге тұлға кіреді, - деді сенатор.

Шартты іске асыру мемлекетаралық қарым-қатынас құралы ретінде орыс тілін қолдау және ілгерілету мәселелерінде өзара тиімді халықаралық ынтымақтастықты нығайту үшін жағдайлар жасауға бағытталған.

Депуаттың пікірінше, заң халықаралық аренада орыс тілін жүйелі қолдау және ілгерілету үшін орталықтандырылған құрылым құруға мүмкіндік береді. Ұйым орыс тілінің коммуникация құралы ретіндегі ұстанымдарын нығайтуға және білім, ғылым және мәдениет салаларындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға ықпал ете отырып, қатысушы елдердің өзара іс-қимыл жасауы үшін платформа болады.

Бұл шарт Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстанда күшіне енді. Қазақстанда жауапты мемлекеттік орган болып Ғылым және жоғары білім министрлігі тағайындалды. Шартты іске асыру республикалық бюджеттен қосымша шығындарды талап етеді. Бұл ретте шығыстардың жалпы сомасы – 2025-2027 жылдарға 131 млн 64 мың теңге. Бұл шығыстар республикалық бюджет комиссиясының шешімімен мақұлданған, - деді Андрей Лукин.

Дауыс беру нәтижесінде сенаторлар заңды мақұлдады. Сондай-ақ аталған ұйымның құрылыуына қатысты Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев та қатысты пікір білдірді.

Аталған ұйым халықаралық деңгейде жұмыс істейді. Ұйымды қолдауымыз мемлекеттік тілдің дамуына ешқандай әсерін тигізбейді. Мемлекетімізде әртүрлі ұлт өкілдері тұрады. Олардың да мүддесін ескеріп, осындай шешім қабылдап жатырмыз. Бірақ бұл жерде нақты айтатын мәселе бар. Мемлекеттік тілдің әрі қарай деңгейін көтеруге бағытталған жұмысты жалғастыра береміз, - деді төраға Сенаттың жалпы отырысынан соң.

Ол жаңа ұйым қазақ тілінің мәртебесіне нұқсан келтірмейді деп есептейді.

Бұл келісім қазақ тілі өрісінің кеңеюіне әрі қарай дамуына еш әсерін тигізбейді. Мұны халыққа дұрыстап түсіндіруіміз керек. Бұл мәселеге ат үсті баға беріп, пікір қалыптастырмаңыздар. Мемлекеттік тілдің мәртебесі Қазақстан Конституциясында тайға таңба басқандай нақты көрсетілген, - деді Мәулен Әшімбаев.

Айта кетейік, кеше Мәжіліс депутаттары «Орыс тілі жөніндегі халықаралық ұйымды құру туралы шартты ратификациялау туралы» заңды қабылдаған еді.

 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама