Талғардағы жасөспірімнің өлімі: Министр орынбасары Әленовтің тағайындалуына қатысты түсінік берді

Дәурен Ерболат

Полиция оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр

Фото: Halyq Uni

Ішкі істер министрі Ержан Сәденов Талғардағы жасөспірімнің өлімінен кейін Бауыржан Әленовтің бірінші орынбасары болып тағайындалуына қатысты түсінік берді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Бізде кадрлық резерв деген түсінік бар. Бір қылмыс тіркелді деп шешім шығаруға болмайды. Оны (Бауыржан Әленов – автор) бұл қызметке ұсыну бойынша шешім алдын ала қабылданды. Жалпы ол қылмыстың толық ашылуына жауапты. Кадрлық резервте тұрған соң осындай шешім қабылданды. Тергеуші істі тергеп жатыр, ол жағдайды бақылауға алды. Қазір менің бақылауыммен Талғардағы жасөспірімнің өлімін тергеу бойынша жедел тергеу тобы құрылды. Барлық жағдай бақылауда, - деді Ержан Сәденов Сенаттың жалпы отырысынан соң.

Еске салайық, биыл 4 қазанда Алматы облысы Талғар қаласында төбелес болып, салдарынан 16 жастағы Шерзат Полат қаза тапты. Бұдай кейін марқұмның отбасы тұратын үйді белгісіз біреулер өртеп кетті. Полиция бірнеше қылмыстық істі тергеп жатыр. 7 қазанда Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары қызметіне Бауыржан Әленов тағайындалды. Ол бұл қызметке дейін Алматы облысының полиция басқармасын басқарған болатын.