Мобильді интернет тез таусылып қалмауы үшін не істеу керек – министр кеңесі
Ол заң бойынша тариф бағасын шектей алмайтынын айтты
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев байланыс операторларының тариф бағасын көтеруіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Сенат кулуарында журналистер министрге байланыс операторлары тариф бағасын көтеріп жатқанын, алайда тариф тез таусылып қалатынын айтты.
Сіздер үнемі видео жіберетін шығарсыздар. Сондықтан Wi-Fi бар кезде соған қосылып жүруге кеңес беремін. Мен де солай істеймін. Халықтың байланыс операторларына талап қойғаны да дұрыс. Біз, Үкімет ретінде талапты күшейтеміз. Секундына мГбт көлемін арттырып жатырмыз. Қазір 5G-ді 50 мегабитке жеткізуді көздеп отырмыз,- деді Жаслан Мадиев.
Министр заң бойынша тариф бағасын шектей алмайтынын атап өтті.
Ұялы байланыс операторлары базалық станция, қондырғыларға қомақты қаржы құяды. Тарифтің өсуі нарықтағы жағдайға байланысты,- деді ол.
Бұған дейін Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Телекоммуникация комитеті төрағасының орынбасары Лазизбек Құрбантаев Қазақстанда мобильді интернет дұрыс жұмыс істемейтін қанша орын барын айтқан болатын. Министрлік Қазақстанда интернет дұрыс істемеймін 350 орынды анықтаған.