Екібастұзда 22 млн теңгенің вейпі тәркіленді (ВИДЕО)

Қымбат Елтайқызы

Электронды темекі саудасы әлі қызып тұр

фото: polisia.kz

Павлодар облысының тәртіп сақшылары кәсіпкерден 22 млн теңгенің вейпін тәркіледі, деп хабарлайды Halyq Uni.

Polisia.kz мәліметінше, Екібастұз қаласы Б.Момышұлы көшесінде орналасқан тұрғын емес үй-жайда полиция қызметкерлері құны 22 млн теңге болатын үш мыңнан астам электрондық темекі мен ноутбукты тауып, тәркіледі.

Заңсыз тауардың бұл партиясының сатуға арналғаны анықталды. Күдікті интернет-дүкен арқылы танымал мессенджерлер мен әлеуметтік желілердегі арналарды пайдаланып, сауда жүргізген. Заңсыз электрондық темекіні сату және тарату күдігі бойынша 28 жастағы кәсіпкер полиция бөліміне жеткізілді. Темекі өнімдері, электрондық тұтыну жүйелері, хош иістендіргіштер мен сұйықтықтардың айналымына қатысты қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды, – делінген ақпаратта.

Полиция «Учаске» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында заңсыз электрондық вейптердің сатылуына тосқауыл қойылғанын мәлімдеді.

Осы жылдың 20 маусымында Қазақстанда никотинді (вейптерді), сондай-ақ олар үшін сұйықтық тұтынудың электрондық жүйелерінің айналымына тыйым салатын заң күшіне енді.