Түрмедегі Марат Жыланбаев тағы аштық жариялады

Халық үні

Ол түрмедегі санитарлық жағдайдың нашарлығын, тамақтың дұрыс берілмейтінін айтқан

фото: azattyq.org

Түрмеде отырған марафоншы, қоғам белсендісі Марат Жыланбаевтың тағы аштық жариялағаны белгілі болды. Бұл туралы оның адвокаты мәлім етті, деп хабарлайды Halyq Uni.

Марат Жыланбаев пен адвокаты Мейіржан Досқараев 18 қарашада кездескен. Адвокаттың айтуынша, марафоншы соттың өзіне қатысты шыққан шешіміне наразылық білдіріп, 13 қарашада мерзімсіз аштық акциясын бастаған. Сонымен қатар Жыланбаев түрмедегі санитарлық жағдайдың нашарлығын, тамақтың дұрыс берілмейтінін және адвокаты мен достарына қоңырау шалуға мүмкіндік берілмейтінін атап өткен. 

Ақмола облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаменті №4 мекемесі бұл жағдайға түсінік бермеді. 

Еске сала кетсек, марафоншы Марат Жыланбаев бұған дейін де аштық жариялап, адам құқығы бұзылып жатқанын мәлімдеген болатын. Осылайша, ол еліміздің түрмелеріндегі өмірдің шынайы көрінісін көрсетті.