Жамбыл облысында ұзақ уақыт іздеуде жүрген алаяқ ұсталды
Тергеу жүріп жатыр
Алаяқтық бойынша іздеуде болған Жамбыл облысының тұрғыны көрші облыста құрықталды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Polisia.kz мәліметінше, Жамбыл облысы прокуратурасының үйлестіруімен облыстық полиция департаментінің қызметкерлері Түркістан облысы аумағында жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Қылмыстық кодекстің 190-бабы (алаяқтық) бойынша іздеуде жүрген Д.Г. есімді азаматшаны қолға түсірді.
Аталған күдікті Жамбыл облысының Талас ауданында жергілікті тұрғындарды алдау арқылы бірқатар мүліктік қылмыс жасаған. Оның заңсыз әрекеттері салдарынан жәбірленушілерге екі миллион теңгеден астам материалдық шығын келген, – делінген ақпаратта.
Күдікті өз кінәсін мойындап, оған қатысты қамауда ұстау бұлтартпау шарасы таңдалды. Қазіргі уақытта Талас аудандық полиция бөлімінде Қылмыстық кодекстің 190-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. Тергеу мәліметтері жариялауға жатпайды.