Halyq Uni логотип
×

Жыл сайын әкімдіктер арнайы мектептерге 1 млрд теңге жұмсайды

Мекемелердің қылмыстардың алдын алуға ықпал етуі асыра бағаланған

 Динара Амантай 20.11.2024 | 14:43
Жыл сайын әкімдіктер арнайы мектептерге 1 млрд теңге жұмсайды
Фото: Halyq Uni

Жыл сайын әкімдіктер арнайы мектептерге 1 миллиард теңге жұмсағанмен, мекемелердің қызметі тиісті деңгейде жүргізілмей отыр, деп хабарлайды Halyq Uni.

Бас прокуратура Оқу-ағарту министрлігін тексерәп, балалардың құқығын қорғау тетіктерінің жүйелі кемшіліктерін – «қиын балалармен» жұмыстың жасалмауын, кешкі және арнайы мектептер, психологтер, қорғаншылық органдары жүйесінің тиімсіздігін, көптеген ведомстволық бағынысты ұйымдардың профилактика саласындағы нашар жұмысын анықтаған.

Соңғы үш жыл ішінде елімізде жасөспірімдер қылмысының тұрақты жоғары деңгейі байқалады (2022 жылы – 1 735, 13,5%-ға өссе, 2023 жылы – 1 925, 11%-ға өскен, а.ж. 9 айында – 1 267), – делінген прокуратура хабарламасында.

Ведомство талабымен министрлік арнайы білім беру ұйымдары мен ерекше режимде ұстайтын білім беру ұйымдары институтын жаңғырту бойынша, сондай-ақ девиантты мінез-құлықтағы балаларды оңалту жөнінде кешенді бағдарлама әзірлеу бойынша жұмыс бастаған. Елімізде осындай 5 мекеме жұмыс істейді (Алматы, Абай, ШҚО, Жамбыл, Маңғыстау), онда жыл сайын еліміздің түкпір-түкпірінен 11-18 жас аралығындағы шамамен 300 «қиын» жасөспірім қабылданады.

Қадағалау органының пікірінше, бұл ұйымдардың алдын алуға ықпал етуі асыра бағаланған. Оған оқушылардың мекемеден жиі қашып кетуі, суицид әрекеттері, сондай-ақ қайталанатын қылмыстар, соның ішінде мекеме қабырғасында қайталанатын құқықбұзушылықтар дәлел.

Мысалы, ШҚО-ның Серебрянск қаласындағы арнайы мектеп-интернатының 10 сынып оқушысы бірнеше ай бойы басқа оқушыларға психологиялық қысым көрсетіп, қашуға көндірген, сондай-ақ жазалау қаупімен үш тәрбиеленушіге өзінің Instagram парақшасының мекенжайын жазып татуировка жасаған, – делінген хабарламада.

Арнайы мектептердің әлсіз профилактикалық жұмысы, тиісті түрде материалдық-техникалық және кадрлық қамтамасыз етілмеуімен қатар, олардың бюджетке айтарлықтай салмақ түсіретіні атап өтілді.

Жыл сайын оларды ұстауға, оның ішінде қызметкерлердің еңбекақы қорына үшін жергілікті бюджеттен 1 миллиард теңгеге жуық қаржы жұмсалады, – делінген хабарламада.

Бұл ретте мекемелердің тәрбиеленушілермен толықтырылуы орта есеппен 50%-дан аспайтынын атап өту қажет.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама