Halyq Uni логотип
×

Туристерге Neo Nomad Visa-ны қалай алуға болады

Бұл виза түрі әлемнің әртүрлі елінен келген саяхатшыларға көптеген мүмкіндік береді

 Қымбат Елтайқызы 20.11.2024 | 11:25
Туристерге Neo Nomad Visa-ны қалай алуға болады
фото: polisia.kz

Neo Nomad Visa шетелдік туристерге Қазақстанда бір жылға дейін тұруға және өздерінің шетелдегі компанияларында қашықтан жұмыс істеуге мүмкіндік береді, деп хабарлайды Halyq Uni.

Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, жаңа В12-1 визасын алу үшін еліміздің шетелдегі елшілігіне немесе консулдық мекемелеріне жүгіну қажет.

Қазақстанда саяхаттап жүріп, жұмысын жалғастырғысы келетін шетелдіктер Neo Nomad Visa-ға өтініш бере алады. Ол үшін жақын маңда орналасқан еліміздің шетелдегі мекемесіне бірнеше құжатты ұсыну керек:

  • Кейінгі 6 айдағы банк шотынан үзінді көшірме, ай сайынғы табысы 3 000 АҚШ долларынан жоғары екенін растайтын құжат;
  • Азаматтығы бар елдің уәкілетті органы берген салық декларациясы;
  • Азаматтығы немесе тұрақты мекенжайы бар елдің органы берген сотталмағаны туралы анықтама;
  • Визаның қолданылу мерзіміне дейін жарамды медициналық сақтандыру;
  • Қазақстандағы туристік компаниялардан шақыру (48 елдің азаматы үшін талап етілмейді).

Бұл виза түрін рәсімдеу 5 жұмыс күнінен аспайды. Виза бір жылға дейінгі мерзімге беріледі әрі оны ұзарту қарастырылған. Негізгі өтініш берушінің отбасы мүшелері де виза ала алады.

Neo Nomad Visa арқылы Қазақстанда жұмыс істеу мүмкіндігі қарастырылмағанын атап өткен жөн. Салық кодексінің 216-бабына сәйкес, В12-1 виза иесінің Қазақстанда салық төлеу бойынша міндеттемелері жоқ. Өйткені оның табыс көзі елден тыс жерде орналасқан.

Neo Nomad Visa және шақыруды қажет етпейтін 48 мемлекеттің тізімі туралы толық ақпаратты осы сайттан алуға болады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама