Ақмола облысында әйел екі жасар баласымен жоғалып кеткен

Динара Амантай

Қазір оқиғаның себебі анықталып жатыр

Фото: Halyq Uni

Ақмола облысында екі жасар баласымен жоғалып кеткен әйел табылды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, 15 қарашада таңертең Қосшы тұрғыны полиция бөліміне жұбайының жоғалып кеткені туралы хабарлап, көмек сұраған.

Ер адамның айтуынша, әйелі екі жасар ұлын ертіп, таңғы сағат 7 шамасында белгісіз бағытқа кетіп қалған. Өз күшімен іздеуден нәтиже шықпаған соң, ол тәртіп сақшыларына жүгінген.

Аталған дерек дереу тіркеліп, жоғалған әйел мен оның баласын іздеу шаралары ұйымдастырылды. Бір тәулік ішінде жүргізілген жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде ана мен бала Тараз вокзалында пойыз ауыстырып жатқан жерінен табылды, – делінген полиция хабарламасында.

Тергеу барысында әйелдің туған қаласына бармақ болғаны анықталды. Қазір оқиғаның себебі анықталып, тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр.