Ведомство басшысы бірнеше өңірге жұмыс сапарымен барғанын айтты
Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев елімізде бірыңғай уақыт белдеуіне көшу барысында түсіндіру жұмысы әлсіз жүргізілді дегенге пікір білдірді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Үкіметтің баспасөз орталығында министрге «Биыл бірыңғай уақыт белдеуіне қатысты мәселе қызу талқыланып жатыр. Министрлік тарапынан түсіндіру жұмысы неге дұрыс жүргізілмеді? Президент министрлердің халықпен сөйлесе алмайтынын жиі сынға алады. Тіпті шенеуніктер халықпен сөйлесуге қорқады деп айтқан еді. Сіз сағат белдеуін ауыстырмас бұрын қанша өңірге бардыңыз? Халықпен сөйлестіңіз бе?» деп сауал жолдады.
Арман Шаққалиев қазақстандықтармен кездескенін, бірнеше өңірге жұмыс сапарымен барғанын жеткізді.
Министрлік өкілдері 5-6 өңірге барып, қоғам белсенділері мен кәсіпкерлермен мәселені талқылап, түсінік берді. Биыл тамызда Шығыс Қазақстан облысына барып қайттым. Тек Өскеменмен шектелмей, Қатонқарағай мен Бұқтырмада да болдым, - деді министр.
Оның айтуынша, ол жердегі тұрғындар UTC+5 сағат белдеуіне ауысуды қолдаған.
Бізге өңірлерге бару үшін арнайы график бекітілді. Сондықтан шығысқа бардым. Бір өңірмен шектелмей, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарында да болдым. Шығыста маған көп адам өз пікірін айтты. Олардың жартысы (бірыңғай уақыт белдеуіне көшуді – автор) қолдаймыз деді. Олар уақыт белдеуінің кері әсері жоғын, ерте тұрып, сағат 4-5-ке дейін жұмысты бітіріп, әрі қарай демалатынын айтты. Ал екінші тарап ыңғайсыз екенін жеткізді. Олар 18:30-ға дейін жұмыс істейтінін, бау-бақшамызға қарап үлгермейтін жеткізді. Бұл жаз уақыты болатын. Қазір кешкі сағат 7-де күн батады. Мұндай мәселе де бар, - деді Арман Шаққалиев.
Сондай-ақ ведомство басшысы шетелдегі жағдайға тоқталды.
«Шетелде кешкі сағат 7-8 шамасында тамақ іше алмайсыз. Олар сағат 5-6-ға дейін бүкіл жұмысын бітіріп, үйге барады. Ал кешкі 10-да ұйықтайды», - дейді министр.