Браконьерлік фактілер азаймай тұр
Павлодардың тәртіп сақшылары бір тоннадан астам заңсыз ауланған балықты тәркіледі, деп хабарлайды Halyq Uni.
Polisia.kz мәліметінше, облыс сақшылары табиғат байлығын қорғау мақсатында жүргізген рейдтік іс-шаралар нәтижесінде ірі көлемдегі заңсыз балық аулау фактілерін анықтап, табиғатты қорғау заңнамасын бұзғандарды әшкереледі.
Аққулы ауданындағы рейд барысында Lada Priora автокөлігі тоқтатылды. Көлік тіркемесінен 16 қап артемия салина шаян тәрізділері, торлар мен резеңке етіктер табылды. Полицейлердің айтуынша, бұл жағдай бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталып, тәркіленген өнімдерге қажетті сараптамалар тағайындалды.
Заңсыз балық аулаудың бұл фактісі табиғатты қорғау шараларының маңыздылығын көрсетеді. Мұндай әрекеттердің жолын кесу – біздің негізгі міндетіміз, – деді Аққулы ауданы полиция бөлімінің бастығы Дәулет Молдабаев.
Осыған ұқсас оқиға Ақсу қаласы аумағында тіркелді. Сырлықала ауылынан 15 шақырым жердегі «Кескен Терек» учаскесінде белгісіз адамдардың артемия салина шаяндарын заңсыз аулағаны анықталды. Бұл факт бойынша да сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
«Балық ресурстарын заңсыз өндіру табиғатқа елеулі зиян келтіреді. Сондықтан мұндай әрекеттердің алдын алу үшін тұрақты бақылау мен рейдтер ұйымдастырылып жатыр», – деді Ақсу қалалық полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары Айдар Сламбеков.
20 қазан мен 19 қараша аралығында өңірде «Браконьер» жедел алдын алу шарасы өтіп жатыр. Іс-шара барысында тәртіп сақшылары табиғатты қорғау заңнамасының 135 бұзушылығын анықтап, оның ішінде аң аулау және балық аулау ережелерін бұзу фактілерін тоқтатты. Нәтижесінде, заңсыз ауланған 1 тоннадан астам балық тәркіленіп, жалпы сомасы 2 миллион теңгеге жуық айыппұл салынды.
Сақшылар азаматтарды еліміздің табиғатты қорғау заңнамасын сақтауға және қоршаған ортаға қамқорлықпен қарауға шақырады.