Вейп саудасы әлі қызып тұр
Атырау облысы Құлсары қаласында вейп өнімдерін сатқан дүкен анықталды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Polisia.kz мәліметінше, Жылыой ауданының тәртіп сақшылары жедел іздестіру шаралары барысында азық-түлік дүкенінде вейп өнімдерінің сатылып жатқанын анықтаған.
Тергеу кезінде 31 жастағы кәсіпкердің өз дүкенінде заңсыз темекі өнімдерін саудалағаны белгілі болды. Тексеріс барысында 123 дана вейп өнімі және 5 дана насыбай өнімі табылып, тәркіленді. Күдікті кәсіпкерге қатысты қылмыстық іс тіркеліп, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, – делінген ақпаратта.
2024 жылдың 19 сәуірінде президент «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Бұл заң 20 маусымда күшіне енді әрі ол елімізде вейптерді сатуға тыйым салатын нормаларды қамтиды. Заңсыз вейп өнімдерін сатқандарға 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл немесе 50 тәулікке дейін қамауға алу жазасы көзделген.