Солтүстік Қазақстан облысының экс-әкімі алаяқтық жасаған

Халық үні

Ауыл тұрғындарына келтірілген материалдық шығынды өтеу туралы сот үкімі шығарылды

фото: Halyq Uni

Солтүстік Қазақстан облысының экс-әкімі Самат Ескендіров алаяқтық бабымен сотталды. Ол үлескерлерді алдап, жерлерін сатып жіберген, деп хабарлайды Halyq Uni.

Жауапкер Е. және басқа тұлға несие алу үшін жалған жиналыс хаттамаларын жасаған. Олар ЖШС қатысушыларының келісімінсіз Бурабай ауданы тұрғындарының жер телімдерін кепілге қойған. Бір топ адам ауыл тұрғындарының жер үлестерін заңсыз иемденіп, еншілес кәсіпорынға жер учаскесін кепілге берген және иеліктен шығарған. Соның салдарынан жәбірленушілерге аса ірі көлемде материалдық залал келтірілген. Бұл әрекет Қылмыстық кодекстің «Адамдар тобында алдын ала сөз байласу арқылы аса ірі көлемдегі алаяқтық» ретінде бағаланады, – деп мәлімдеді Ақмола облысы Көкшетау қалалық сотының баспасөз қызметі.

Белгілі болғандай, экс-әкімнің кінәсі жәбірленушілер, куәгерлер, тінтулер, тәркіленген төлем тапсырмалары, сараптамалық қорытындылар және тәуелсіз аудитордың айғақтармен дәлелденді. Сот жаза тағайындау кезінде сотталушыға қатаң жаза тағайындауды талап етпеген жәбірленушілердің көпшілігінің пікірін ескерді.

2023 жылы сот шешімімен ЖШС құрылтайшылары жиналысының шешімі және құқықты үшінші тұлғаларға беру туралы келісім жарамсыз деп танылды. Осыған байланысты, жер учаскесі жәбірленушілерге қайтарылды. Ауыл тұрғындарына келтірілген материалдық шығынды өтеу туралы сот үкімі шығарылды. Е.-ге ҚР ҚК-нің 63-бабын қолдана отырып, 5 жылға шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, – делінген ақпаратта.

Еске сала кетсек, биыл жазда Ақмола облысында Солтүстік Қазақстан облысының бұрынғы әкімі, экс-сенатор Самат Ескендіровке қатысты сот процесі өтіп жатқаны белгілі болған-ды. Ал облыстық соттың баспасөз қызметі жоғары лауазымды шенеунікке қатысты істің Көкшетау қалалық сотында қаралғанын хабарлаған.