Halyq Uni логотип
×

Малайзияда қазақтардың алғашқы құрылтайы өтті

Жиында шетелде кәсіп ашу мәселесі де талқыланды

 Дәурен Ерболат 18.11.2024 | 18:18
Малайзияда қазақтардың алғашқы құрылтайы өтті
Фото: СІМ

Куала-Лумпурда Оңтүстік-шығыс және шығыс Азияда тұратын қазақтардың алғашқы құрылтайы өтті, деп хабарлайды Halyq Uni.

Құрылтайды Малайзиядағы қазақ диаспорасы ұйымдастырды. Іс-шараға Қазақстанның Малайзиядағы елшілігі мен Отандастар қоры қолдау білдірді.

Құрылтай 3 панельдік сессиядан тұрды:

  • Шетелде қазақ мәдениеті мен тілін сақтау;
  • Шекаралық байланыс – Малайзиядағы мәселелер;
  • Малайзияда бизнесті жүргізу.

Қазақстанның Малайзиядағы елшісі Болат Сүгірбаев әлемдегі әрбір қазақ еліміздің дамуына өз үлесін қоса алатынын атап өтті. Отандастар қорының президенті Данияр Қадыров, құрылтайдың басты мақсаты шетелдегі қандастармен байланысты күшейтіп, бірлікті нығайту екенін жеткізді, - деп жазылған СІМ таратқан хабарламада.

Құрылтайға Малайзия, Оңтүстік Корея, Сингапур және тағы басқа елдерден келген қазақ диаспорасының өкілдері, этнографтар, мәдениет және өнер қайраткерлері қатысты.

Форумда Малайзиядағы қазақ диаспорасының президенті Баян Нишан, этнограф Айгерім Мусағажинова, Universiti Malaya-ның тілдер факультетінің декан орынбасары Айсәуле Абильда және тағы басқалары сөз сөйледі.

Іс-шарада Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші Қарақат Әбілдина Тұсау кесу рәсімін өткізді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама