Жамбыл облысында 6 тоннаға жуық есірткі тәркіленді, деп хабарлайды Halyq Uni.
Polisia.kz мәліметінше, облыстың географиялық ерекшелігіне байланысты «Қарасора – 2024» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасының өткізілу барысына баса назар аударылды. Іс-шара заңсыз айналымға түсетін есірткі көлемін азайту мақсатында жыл сайын өткізіледі және бұл өз кезегінде шараның тиімділігін ұдайы дәлелдеп келеді.
Шара барысында 28 жедел мобильдік топ құрылып, полиция департаментінің 100-ден астам қызметкері жұмылдырылды. 8 қызметтік-іздестіру иті, 5 жылжымалы мобильдік бекет жұмыс істеді. Сонымен қатар, Ішкі істер министрлігінің «Сұңқар», ІІМ Ұлттық ұланның «Бүркіт» күш-құралдары және Қорғаныс министрлігінің ұшқышсыз ұшатын аппараттары аталған іс-шараға тартылды.
1 маусым мен 30 қазан аралығында Шу алқабынан қарасора тасымалданатын 6 арнаның жолы кесілді. Басқа облыстардың полиция департаменттерімен бірлесіп, Шу алқабынан Астана және Ақтау қалаларына 80 келіден астам марихуана және 4 келі гашиш тасымалдайтын каналдың жолы кесілді. Сондай-ақ, полицейлер Алматы қаласынан облысымызға синтетика тасымалдайтын 2 ірі арнаны жауып, екі келіден астам синтетика есірткісін тәркіледі.
Барлығы 203 есірткі қылмысы анықталды. Оның ішінде 12 контрабанда және 12 есірткі өсімдігін өсіру дерегі бар. Заңсыз айналымнан 5,8 тоннадан астам әртүрлі есірткі құралы, соның ішінде 2 келіден астам синтетикалық заттар, 5 гр 48 мгр героин тәркіленді. Бұған қоса, мың тоннадан астам жабайы өскен қарасора жерді жырту, шабу және өртеу арқылы жойылды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 780 тоннаға көбірек. Жедел мәліметтерге сәйкес, қара нарықта 1 келі марихуананың бағасы 70 000 теңгені құрайды. Осылайша, 70 миллиард теңгеден астам қаражат заңсыз есірткі айналымына түспеді, – деді ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының м.а. Асқар Жұмабеков.
Есірткі бизнесімен күрес бірнеше басқа бағыт бойынша да жүргізіліп жатыр: алдын алу, ақпараттық кеңістікті мониторингілеу, дилерлермен байланысу ресурстарын көрсететін қабырғалардағы граффити жазбаларды жою. 848 профилактикалық іс-шараға 24 мыңнан астам оқушы қатысты.
NarcoShekteuTaraz telegram-боты полиция департаментінің базасында синтетикалық есірткілерді сақтау орындары (жасырын орындар), граффити жазбалар, облыс тұрғындарының жарнамалық белгілері бар аккаунттар туралы хабарламалар мен сұраныстар туралы мәліметтер жинақталады. Осы жылдың 10 айында Narko Shekteu Taraz ботына 2 047 сұраныс түсті, оның 1 746-сы интернет-сайттардан (1 670-і бұғатталған), 289-ы граффити жарнамасы бойынша барлық жазба жойылды.