Елімізде мобильді интернет дұрыс жұмыс істемейтін қанша жер бар?
Мәселені шешу үшін базалық станция орнату керек
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Телекоммуникация комитеті төрағасының орынбасары Лазизбек Құрбантаев Қазақстанда мобильді интернет дұрыс жұмыс істемейтін қанша орын барын айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Біз тексеріс жүргізіп, жалпы Қазақстанда 350 орынды анықтадық. Бірақ бұл сан өзгеріп отырады. Мысалы, қазір Астанада мобильді интернет дұрыс жұмыс істемейтін 23 орын, Алматыда 30 орын, Шымкентте 39 орын бар. Мәселені шешу үшін жоспар мен графигіміз де бар, - деді Лазизбек Құрбантаев Мәжіліс кулуарында.
Оның айтуынша, радиофобияға шалдыққан кейбір қазақстандықтар шағымданып, базалық станцияны алғызып тастайды. Салдарынан мобильді интернеттің сапасы күрт нашарлайды.
Мобильді интернет сапалы жұмыс істеуі үшін базалық станция орнату керек. Алайда радиофобтар бар. Мұндай адамдар базалық станцияны алып тастайды. Сондықтан ол жерде мобильді интернет дұрыс жұмыс істемейтін нүкте («белая пятна») пайда болады, - деді комитет төрағасының орынбасары.
Сондай-ақ Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі бірінші вице-министрі Қаныш Төлеушин бұл мәселені шешу жоспарын бөлісті.
«Қазақстанның түкпір-түкпірінде мобильді интернет дұрыс жұмыс істемейтін («слепая зона») орындарды анықтап, бір платформаға енгіземіз. Осылайша, тиісті ақпаратты мобильді операторға жібереміз», - деді министр орынбасары.