Цифрлық даму вице-министрі Қуандық Бишімбаевпен ортақ бизнесі туралы айтты

Дәурен Ерболат

Төлеушин бұл қызметке 2023 жылдың маусымында тағайындалған

Коллаж Halyq Uni

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі бірінші вице-министрі Қаныш Төлеушин 24 жылға сотталған экс-министр Қуандық Бишімбаевпен қандай байланыста болғанын айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Мәжіліс кулуарында бірінші орынбасарға «Астанадағы «Гастро орталықта» Салтанат Нүкенованың қайтыс болғанына бір жыл болды. Ол кезде сіз акционер құрамында болдыңыз. Қазір «Гастро орталықтың» меншік иесі болып саналасыз ба? Қуандық Бишімбаевтың отбасымен байланысыңыз бар ма?» деген сұрақ қойылды.

Қаныш Төлеушин бұрынғы ұлттық экономика министрімен байланыста екенін, сөйлесіп тұрғанын жасырмады.

Мен бизнестен мемлекеттік қызметке келдім. Сондықтан түрлі жобаға инвестиция салдым. Оның ішінде осы жоба да («Гастро орталық») бар. Қазір мен ол жерде құрылтайшы емеспін.

Қуандық Бишімбаевпен қандай байланысым бар? Екеуміз де «Болашақ» бағдарламасы түлегіміз. Сондықтан бір-бірімізге жобаларымыз туралы айтып, үнемі кездесіп тұрдық. «Болашақ» түлектері ретінде үнемі әңгімелесетінбіз. Бізді осы жағдай ғана байланыстырды. Сондықтан қайталап айтамын, жоғары айтылған нысанда қазір құрылтайшы емеспін, - деді министрдің бірінші орынбасары.

Вице-министр Қуандық Бишімбаевпен бірге іске асырған бизнес жобаларды сатқанын айтты.

Мемлекеттік қызметке ауысуды жоспарладым. Сондықтан біз отбасы ретінде көптеген активті сатуға шығардық. Сондықтан (құрылтайшылар құрамынан шығу қайғылы оқиға) болғанға дейін жоспарда болды, - деді Қаныш Төлеушин.

Еске салайық, экс-министр Қуандық Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованың аса қатыгездікпен өлтіргені үшін 24 жылға сотталған еді.

Бұған дейін бұрынғы министр жазасын қайда өтеп жатқаны хабарланған.