Ведомство басшысы тиісті тапсырма беретінін жеткізді
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров елімізде үлкен сұранысқа ие Shine Muscat корей жүзімінің сапасы тексерілетінін айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Мәжіліс кулуарында басшыға «Қазақстанда танымал және үлкен сұранысқа ие Shine Muscat корей жүзімінің сапасы тексерілді ме? Ол қауіпсіз бе?» деген сұрақ қойылды.
Айдарбек Сапаров елімізге әкелінген барлық өнім тексерілетінін атап өтті.
Өнім (шекараға) жеткізілгенде, біз оның сертификатына қараймыз. Біздің мамандар өнімнен сынама (проба) алып, зертханаға жеткізеді. Тағы тексерейік, өтініш жазыңыз. Сізге сараптама қорытындысын береміз. Өнім шекараға келіп, сертификат алғанда, (өнімнің сынамасын) зертханаға өткіземіз. Біз зертхананың жұмысын
күшейткіміз келеді. Мысалы, қазір ветеринария бойынша 9 құрал-жабдық аламыз. Осылайша, өнімнің сапасын тексеру жеңіл болады, – деді министр.
Журналист «Сіз корей жүзімінің дәмін татып көрдіңіз бе? Оның денсаулыққа қаупі жоқ па?» деп сауалын нақтылады.
Ведомство басшысы тиісті тапсырма беретінін жеткізді.
Жүзім жейтін уақыт жоқ (күліп). Жоқ, дәмін татпадым. Бүгін мен комитет төрағасына тапсырма берейін. Өнімнің (сынамасын) алып, тексерсін. Сараптама қорытындысын сіздерге қосымша берейік, - деді Айдарбек Сапаров.