×

«Сіздей бастық болған жоқ». Мәжіліс төрағасы мен министр бірін-бірі қимай қоштасты

Ведомство басшысы депутаттармен тығыз жұмыс істеуге дайын екенін атап өтті

 Дәурен Ерболат 15.06.2022 | 10:56
Коллаж: Halyq Uni

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов пен Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек бірін-бірі қимай қоштасты, деп хабарлайды Halyq Unі тілшісі.

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Саясат Нұрбектің басқа қызметке ауысуына байланысты оның депутаттық өкілеттілігі мерзімінен бұрын тоқтатылды. Шешім бірауыздан қабылданды. Мәжіліс төрағасы оның өте танымал депутат болғанын, оны қимайтынын айтты.

«Әріптесеміз Саясат Нұрбек мемлекет басшысының шешімімен Ғылым және жоғары білім министрі болып тағайындалды. Қазіргі уақытта президент министрлікке үлкен міндеттер жүктеп отыр. Әріптесемізге осы қызметте сәттілік тілейміз. Парламентте аз уақыт істесе де заң шығару жұмысында өте зор үлесін қосты деп ойлаймын. Өте танымал депутат болды. Тек бір өкініштісі Мәжілісте аз уақыт болды. «Бісміллә» деп кеше жұмысын бастап еді, тез арада «әумин» деп бітірді», - деді Ерлан Қошанов.

Кейін ол министрге Мәжілістің атынан алғыс хат табыстады. Ал Саясат Нұрбек Ғылым және жоғары білім министрлігінің есігі депутаттарға ашық екенін атап өтіп, Ерлан Қошановқа алғысын жеткізді.

Өкінішке қарай сіздермен аз уақыт жұмыс істедім. Бірақ мен әрқашан сіздердің қатарларыңызда боламын. Министрліктің есігі сіздерге ашық болады… Алла жазса, көп жұмыс істеуіміз керек. Сіздермен әрқашан тығыз байланыста болғым келеді… «Бісмілләм» осы қабырғада сақталады. Әрқашан жандарыңызда боламын. Ерлан Жақанұлы, сізге үлкен рақмет! Шын жүректен айтайын, сіздей бастық менде ешқашан болған жоқ. Сіз – ел ағасысыз. Қадірлі әріптестер, сіздердің көмектеріңіз бен қолдауларыңыз керек болады, - деді министр.

Сондай-ақ Мәжілістің жалпы отырысында Берік Әбдіғалиұлының депуттаттық өкілеттілігі тоқтатылды. Ол жаңадан құрылған Ұлытау облысының әкімі қызметіне тағайындалған болатын.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама