Жуырда Владислав Челахтың ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазғаны айтылды
Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің баспасөз қызметі өмір бойы бас бостандығынан айырылып, қазір «Қара бүркіт» түрмесінде жазасын өтеп жатқан Владислав Челах пен Руслан Күлекбаевтың түзету мекемесіндегі өмірі туралы Halyq Uni тілшісіне жауап берді.
«Сотталған Р.Күлекбаев және В. Челах Қостанай облысы бойынша ҚАЖ департаментінің УК-161/3 мекемесінде қатаң ұстау жағдайында ұсталады, сотталғандар ҚР Қылмыстық-атқару кодексіне сәйкес әдеттегі ұстау жағдайында ұсталады. Бос уақытында сотталғандар кітап оқып, теледидар көреді, сондай-ақ серуенге берілетін уақыттарында спортпен шұғылданады», - делінген редакция сауалына берген жауабында.
Бұған қоса, комитет жауабында олардың басқа жазасын өтеушілермен қарым-қатынасы туралы айтылды.
«Қазіргі таңда Қостанай облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты УК-161/3 төтенше қауіпсіз мекемесінде жазасын өтеп жатқан В.Челах және Р.Күлекбаев жұмыс орындарының болмауына байланысты, жұмысқа орналаспаған. Бір камерада жазасын өтеп жатқан сотталғандармен ғана қарым-қатынас орнатқан. Жоғарыда аталған сотталғандарда жанжалдасқан кездері болмаған», - деп қосты комитетте.
Сондай-ақ мекеме басшылығы екеуінің мінез-құлықтарын тиісті деңгейде деп бағалайды.
Қазіргі уақытта жазасын өтеуші Р.Күлекбаев және В. Челах күн тәртібін сақтап, жазаны өтеу режимін бұзуға жол бермейді. Мінез-құлықтары тиісті деңгейде бағаланады, - делінген жауапта.
Алайда, комитеттің жауабында «Күлекбаев пен Челахтың тәртібіне қарай олардың жазасы жеңілдетіле ме?» деген сұраққа жауап берілмеген.
Айта кетейік, «Қара бүркіт» түрмесінде ауыр қылмыс жасаған адамдар жазасын өтейді. Қазір ол жерде 2016 жылдың шілдесінде Алматыда он адамды өлтірген Руслан Күлекбаев, 2012 жылы 15 адамды өлтірген шекарашы Владислав Челах жазасын өтеп жатыр.