Жаркенттегі офицер жаттығуда қаза таппауы мүмкін: 4 күдікті қамауға алынды

Халық үні

Ағасы оның қолдары мен аяқтарында арқан іздері, бас сүйегінде сызат барын айтты

фото: Владимир Третьяков

Жаркенттегі офицердің өліміне қатысты 4 адам қамауға алынды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Еске сала кетсек, 14 қарашада Жетісу облысындағы 74261 әскери бөлімінде капитан Дархан Дәулеттің денесі табылған болатын. Құрлық әскері қолбасшысының орынбасары қылмыстық іске қатысы бар 4 адамның ұсталғанын мәлімдеді.

Марқұмның туыстарының айтуынша, ол 13 қарашада түнгі кезекшілікке кетіп, түнгі 1-лер шамасында көз жұмған. Ал әскерилер офицердің өлімі туралы туыстарына таңғы сағат 7-де ғана хабарлаған. Марқұмды жуындырған ағасы оның қатты соққыға жығылғанын, қолдары мен аяқтарында арқан іздері, бас сүйегінде сызат барын айтады.

Істі тергеп жатқан құзырлы органдардан ең бірінші талап ететініміз – әділдік. Бауырымның өліміне қатысы бар адамдардың заң алдында жауап беруін сұраймыз және талап етеміз. Бүгін жерлеуге жоғары шенді генералдар мен депутаттар қатысты. Олар кешірім сұрады. Генерал бұл істі әділ тергеп, оған қатысы барларды жазалайтынын уәде етті. Бірақ қандай бап бойынша іс қозғалып жатқанын білмейміз, – деді марқұмның бауыры Ермек Мұсаұлы Kazinform-ға берген сұхбатында.

Бұған дейін құрлық әскерлерінің баспасөз қызметі офицердің диверсияға қарсы қауіпсіздік бойынша жоспардан тыс оқу-жаттығу кезінде алған жарақатынан қайтыс болғанын хабарлаған еді. Алайда марқұмның жақындары мұнымен келіспейді. Олар ұлдарының жаттығу кезінде қайтыс болғанына күмәнмен қарайды.

Оқиға дерегі бойынша Қорғаныс министрінің бұйрығымен әскери бөлімге комиссия жіберілді. Іс қозғалды. Ішкі істер министрлігі тергеу жүргізіп жатыр. Оқиға әскери бөлімнің ішінде болған. 4 күдікті ұсталып, уақытша ұстау абақтысына қамалды. Бұл күні жеке жоспар бойынша жаттығулар болғанын растаймын. Бауырымызды ақтық сапарға шығарып салдық. Ата-анасы мен жақын туыстарына Қорғаныс министрі мен барлық құрлық әскерлерінің атынан көңіл айтамыз, – деді құрлық әскері қолбасшысының орынбасары, полковник Арынғали Ақышев.