Halyq Uni логотип
×

20 шаршы метр бөлмені жеті адам паналап отыр: Ауыр дертке шалдыққан көпбалалы ананың тағдыры жайлы

Жалғызбасты ана «өліп қалсам, алты балама кім қарайды» деп отыр

 Наима Нұрәлі 15.06.2022 | 09:47

Елордада алты баланың анасы Ләйлә Дәулетханова аядай бөлмені жалдап тұрып жатыр. Жалғызбасты ана 2 жыл бұрын жатыр мойын обырына шалдыққан. Үш рет жасалған отадан көп жүре алмайды, үйде отыруға мәжбүр. Үлкен ұлы құрылыста жұмыс істеп, отбасын асырап жүр.

Қиындыққа тап болған жалғызбасты ананың үлкен ұлы түсірілімге қарсы болып, намыстанған екен. Ол құрылыста жұмыс істеп, аядай ғана бөлмені паналап отырған алты адамды асырап отыр.

Азық-түлік бағасы шарықтаған, дәрі-дәрмек пен медициналық емнің қымбаттаған заманында дертке шалдыққан жалғызбасты анаға 6 баласын асырау оңайға соқпайтыны анық. Осы ретте Halyq Uni тілшісі аумағы 20 шаршы метр шығатын тар үйді паналап отырған жеті адамның өмірін көзімен көріп, видеоға таспалап қайтты.  

Ләйлә Дәулетханова екі рет ота жасатқан. Үшінші рет ота жасатуы керек. Бірақ ол операция жасатудан қорқады. Себебі, денсаулығы көтере алмай, шиеттей бала-шағасы жетім қалуы мүмкін.

«Бес ұл, бір қыз тәрбиелеп отырмын. Күйеуіммен қызым дүниеге келген соң ажырастым. Ішімдікке қатты жақын, үйге келіп мені соққының астына алатын. Талай рет пышақ ала жүгірді. Қазір денемде одан қалған тыртықтар көп. Бетімде де пышақтың іздері бар. Қабырғам сынған. Шыдап жүрдім. Бірақ балаларға қол көтере бастаған соң ажырасу туралы шешім қабылдадым», - дейді Ләйлә Дәулетханова.

«Күміс алқа» иегері – Жезқазған қаласының тумасы. Елордаға қоныс аударғанына 11 жыл болған. Екі рет күйеуге тиген, екеуі де сәтсіз болған. Жылдар бойы қорлық көрсеткен күйеуімен ажырасқан соң ауыр дертке шалдыққан. Салмағы 56 келіден 45-ке дейін түсіп кеткен. Дәрі бағасы қымбат, сондықтан оны бірде ішіп, бірде ішпейді екен. Үлкен ұлы 30 жасқа толса, ең кенжесі биыл бірінші сыныпқа барады екен. Үлкен ұлының құрылыста жүріп тапқан ақшасы алты баланың тамағынан артылмайды екен.

«Қазір бәрі қымбат. Ет аламыз, бірақ барынша үнемдеп жейміз. Қуықтай бөлмені 30 мың теңгеге жалдап тұрып жатырмыз. 9 жылдан бері баспана кезегінде тұрмын. Жылжитын түрі жоқ. Балаларым аман болса деймін, олар да менің амандығымды тілейді. Күніміз солай өтіп жатыр. Бір дәрінің өзі 9 мың теңге тұрады. Ол небәрі жиырма күнге жетеді. Одан бөлек қаншама дәрі бар. Кіші ұлым Қанаттың жүрегі ауырады», - дейді көпбалалы ана.

Тілшілердің үйге келетінін білген бұл үйдің үлкендері намыстанып, сыртқа шығып кеткен. Ал Қанат деген ұлы анасының қолғанаты болып алған. «Көп жылайды, орнынан тұрып, ас әзірлейтін кезде шаршап қалады» деген Қанат анасының тезірек сауығып кетуін армандайтынын жеткізді.

Жедел жәрдемді өзім шақырамын. Айтқанының бәрін істеуге тырысамын. Анам жыламаса екен деймін. Бірақ көп ауырады. Анам ауырса, мен де ауырамын. Жүрегім шаншиды. Ол өліп қалса жылайтын шығармын, - дейді Қанат.

Ләйлә Дәулетханова «Қазақстан халқына» қорына әлі өтініш бермегенін айтты. Тілішлердің кеңесінен кейін ол жақтан көмек сұрамақ.

Қиын жағдайда күнелтіп жатқан көпбалалы отбасыға мына телефон нөмірі (Ләйләнің үлкен ұлы - Қайраттың kaspi gold нөмірі) бойынша көмектесе аласыздар: 8 (700) 721-88-90.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама