«Жұмыс тобы әлі талқылаған жоқ». Су министрлігі даулы Кодекс жобасына қатысты түсініктеме берді

Ербол Тұрымбет

Заң бұзған құрылыстарға Кодекс жобасының 120-бабы 5-тармағы қолданылмайды

Фото: Halyq Uni

Су Кодексінің жаңа жобасы қоғамдық белсенділердің сынына ұшырады. Осыған байланысты Су ресурстары және ирригация министрлігі ұстанымын білдірді, деп хабарлайды Halyq Uni.

Олардың мәлімдеуінше, норманы қазір Мәжілістің Су кодексінің жобасын қарау жөніндегі жұмыс тобы әлі қарастырмаған және талқыламаған да. Ал жұмыс тобының ұсыныстары ескеріледі.

Түзетуге келетін болсақ, жаңа Кодекс жобасының негізгі ден қоятын тұстарының бірі – су объектілерінде және олардың су қорғау аймақтары мен белдеулерінде заңсыз су пайдалану, шаруашылық қызмет үшін жауапкершілікті қатаңдату.

Министрлік мәліметінше, 2009 жылы Су кодексіне 145-1-бап енгізілген. Оның негізгі мәні, су қорғау белдеулерін белгілеу кезінде олардың шекараларында болған ғимараттар мен құрылыстарға тыйым салу. Ал егер олар 2009 жылдың 1 шілдесіне дейін тұрғызылған болса, пайдалануға тыйым салынбайды.

Бұл мәжбүрлі шара болды, өйткені су қорғау аймақтары мен белдеулерін құру процесі баяу қарқынмен жүргізілсе, су объектілері маңындағы жерлерді экономикалық игеру процесі қарқынды жүрді, – деп жазылған Су ресурстары және ирригация министрлігі мәлімдемесінде.

2017 жылы Жер кодексіне өзгеріс енгізілген. Соған сәйкес су объектісінің жағалау сызығынан 500 метр шегінде орналасқан жер учаскелерін беру су қорғау аймақтары мен жолақтарының шекараларын анықтағаннан кейін және олардың шаруашылық пайдаланылу режимі белгіленгеннен кейін жүзеге асырылады. Бұл ереже ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың, мемлекеттік орман қоры жерлерінің және балық өсіру шаруашылықтарын орналастыру мен қызмет көрсетуге арналған жерлердің учаскелеріне қолданылмайды. Бұл норма қазір Жер кодексінің 44-бабының 8-тармағында көрсетілген.

Бүгінде су қорғау аймақтары мен белдеулері толық көлемде белгіленбегендіктен, Кодекс жобасының 120-бабы 5-тармағының ережелері іс жүзінде қолданыстағы Су кодексінің 145-1-бабын қайталаған болып шығады. Бұл түзету су қорғау аймақтары мен жолақтары әлі белгіленбеген кезеңде заңды түрде салынған құрылыстар сол жерде қала беруі мүмкін екенін білдіреді. Тек ол үшін ұйымдастырылған орталықтандырылған кәріз жүйесі, ластанған ағынды суларды бұрып жіберу және тазарту жүйелері немесе су өткізбейтін әрі ішіндегісін сыртқа әкетіп отыратын шұңқыр құрылғылары болуы керек, – деп жазды министрлік.

Айта кетейік, 2025 жылдан бастап енгізілетін жаңа Су кодексі жобасы бойынша тыйым салынған аумаққа заңсыз салынған құрылыстың бәрі – ғимараттар мен тұрғын үй кешендері түгел заңдастырылуы керек болатынын жазған едік. Оның үстіне, жаңа Кодекс қолданысқа енгізілгенге дейін жоспарланып қойған құрылыс жобаларының бәрі де заңдастырылуға жатпақ. Экобелсенділер бұл жемқор шенеуніктердің Кодексті ақша жасау айласына айналдыруына мол мүмкіндік ашайын деп тұр деп есептейді.

Алайда министрлік бұл жөнінде басқа ұстанымда екенін хабарлады. Олардың сөзінше, қолданыстағы заңнаманы бұзып, су қорғау белдеулері шегінде тұрғызылған құрылыстарға Кодекс жобасының 120-бабы 5-тармағының ережелері қолданылмайды.