Алматы жұмысшылары жаңбыр суы жиналған жерге асфальт төсеп жүр
Әуезов ауданының әкімдігі бұл мәселені тез арада анықтап, жолды қалпына келтіруге уәде берді
Әлеуметтік желілерге Алматыдағы Ақсай шағынауданында бір топ жұмысшының жаңбырдан кейін жиналған судың үстіне асфальт төсеп жатқан видеосы тарады.
Жұмысшыларды онда қай мердігер компанияның жібергені әзірге белгісіз. Ал Әуезов ауданының әкімдігі бұл мәселені тез арада анықтап, жолды қалпына келтіруге уәде беріп отыр.
«Ақсай 3, 87 үйдегі, жаңбыр кезіндегі асфальт салған факті бойынша біз ол жаққа шығып, мердігер мекемені белгілеп, жұмыс істейміз. Асфальт төсенішін міндетті түрде қалпына келтіреміз», - деді Әуезов ауданы әкімдігі коммуналдық-шаруашылық бөлімінің басшысы Азат Қакетаев.