Бұл қатаң шаралардың біріне жатады
Қарағандыда сот шешімін орындамаған шетелдік Қазақстаннан шығарылды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Polisia.kz мәліметінше, тәртіп сақшылары Қарағанды қаласында сот шешімін орындамаған шетел азаматын мәжбүрлі түрде елден шығарды.
Қарағанды қалалық полиция басқармасына қарасты Октябрь полиция бөлімінің көші-қон полиция инспекторлары соттың Қазақстаннан шығу туралы шешімін орындамаған шетелдікті анықтап, оны мәжбүрлі түрде елден шығарды. Бұл шара көші-қон заңнамасын бұзғандарға қатысты Қазақстанның көші-қон қызметі тарапынан қабылданған қатаң шаралар қатарына жатады, – делінген ақпаратта.
Осы жылдың басынан бері Октябрь ауданы бойынша елден шығаруға байланысты 15 шетелдікке сот шешімі шықты. Оның ішінде бес шетелдік азамат белгіленген мерзімде Қазақстаннан шықпай, заңды бұзды. Осыған байланысты оларға қатысты мәжбүрлі түрде елден шығару шаралары қолданылды.
Сақшылар Қазақстандағы көші-қон ережелерін сақтау керектігін және шетелдіктерге қатысты заң талаптарының қатаң қадағаланатынын еске салды.