Елордада рұқсатсыз салынған нысан бұзылады

Қымбат Елтайқызы

Заңбұзушылық анықталды

фото: Астана әкімдігі

Астананың орта сапасы және бақылау басқармасы өз бетінше салынған нысанның жұмысын тоқтатты, деп хабарлайды Halyq Uni.

Қала прокуратурасының үйлестіруімен елорда аумағында азаматтардың қаражатын тиісті рұқсатсыз заңсыз тарту фактісі анықталды, деп мәлімдеді жергілікті әкімдік.

Құрылыс салушы «INTER Stroy Astana» ЖШС QURMANGAZY көпқабатты үйін салу үшін үлескерлер ақшасын қабылдаған. Құрылысқа тапсырыс беруші объектіде жерге тиісті құқық, заңда белгіленген тәртіппен сараптамадан өткен жобалау-сметалық құжаттама, техникалық және авторлық қадағалауларды сүйемелдеу және құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізудің басталғаны туралы хабарлама болмаған. Компания осыған қарамастан құрылыс-монтаждау жұмыстарын бастаған. Бұл өз кезегінде «Сәулет, қала құрылысы және құрылыс туралы» Қазақстан заңының талаптарын бұзу болып саналады, – деп қосты ведомство.

Осылайша, құрылыс салушыға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасалды. Оған жол берілген заңбұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді. Берілген нұсқаманы орындау үшін құрылыс салушы ерікті түрде заңсыз объектіні бұзу бойынша іс-шара жүргізеді.

Үлескерлердің қаражатын тиісті рұқсатсыз қабылдауға «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» Қазақстан заңнамасымен тыйым салынады. Бұл ретте, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 320-бабы, сондай-ақ Қылмыстық кодекстің 214-бабы бойынша кәсіпкерлік қызметтің тыйым салынған түрлерімен айналысқаны үшін жауапкершілік көзделген.