Ұлттық музейдегі британдық мүсіншінің көрмесіне 2 тонна экспонат жеткізілді

Қымбат Елтайқызы

Жәдігерлер Лондоннан әкелінді

фото: Ұлттық музей

Ұлттық музейдегі британдық мүсіншінің көрмесін 3,5 мыңға жуық адам тамашалады, деп хабарлайды Halyq Uni.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, Ұлттық музейде танымал британдық мүсінші Юнус Сафардиярдың «Екінші өрлеу» атты көрмесі өтіп жатыр. Астанаға арнайы көрме үшін Лондоннан 2 тонна экспонат жеткізілген. Оның ішінде металл инсталляциялар мен мүсіндер, кенеп суреттер, бейнепаннолар бар.

Менің шығармашылығым — әлемнің шексіз трансформациясының көрінісі. Көрермен ескі формалардың жойылғанын, жаңа формалардың пайда болып, тіпті ерекше дүниеге ұласып жатқанын көрсе деймін, — дейді көрме авторы.

Юнус Сафардияр — Корольдік көркемсурет академиясының мүшесі. Оның көрмелері мен туындыларының аукциондары 1986 жылдан бері өткізіліп келеді. Мүсінші шығармалары Нью-Йорк, Лондон, Флорида, Санкт-Петербург және басқа да қалалардағы музейлер мен жеке коллекцияларда сақтаулы. Бірнеше жұмысы ең көне аукциондардың бірі – Sotheby’s-те сатылып, ал «Ояну» атты мүсіні Лондондағы әйгілі Regent’s Park-ке көрік беріп тұр.

Экспозиция музейдің 5-қабатындағы көрме залында ұсынылды. Көрме 2024 жылдың 17 қарашасына дейін жалғасады.