Қорғаныс министрлігі әскерге барудан қашып жүргендерді көшеде ұстауға пікір білдірді
Жазықбаев бұл жұмыс заң аясында жүргізіліп жатқанын жеткізді
Қорғаныс министрінің орынбасары Шайх-Хасан Жазықбаев Қазақстанда әскерден қашып жүргендергі көшеде ұстап, алып кетуге болатынын айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Сенат кулуарында министрдің орынбасарына «Әлеуметтік желіде әскерге шақырылғандарды күштеп ұстап алып кетіп жатқан видеолар тарап жатыр. Осыған қатысты пікір білдіресіз бе?» деген сауал жолданды.
Шайх-Хасан Жазықбаев бұл жұмыс заң аясында жүргізіліп жатқанын жеткізді.
Әрбір Қазақстан азаматы Қарулы күштер қатарында әскери міндетін атқаруға міндетті. (Отан алдындағы борышын өтеуден) заңсыз жалтарған адамдарға іздеу жарияланады. Олар қашып, күш көрсететін болса, заң өкілдері оларды солай көшеден алып кетеді. Мұнда назарды заң талабын орындаудан қашып жүрген адамдарға аудару керек, - деді ол.