Жүргізуші куәлігі электронды нұсқаға көшіріледі

Қымбат Елтайқызы

Жүргізушілердің өз бетінше дайындалуы және онлайн оқуы алынып тасталды

фото: Halyq Uni

Жүргізуші курсын аяқтағаны туралы куәлік электронды нұсқаға көшіріледі, деп хабарлайды Halyq Uni.

Жүргізушілерді даярлау сапасын арттыру мақсатында уәкілетті және мүдделі мемлекеттік органдар шаралар қабылдады. Жүргізушілердің өз бетінше дайындалуы және онлайн оқуы алынып тасталды. Бұл туралы ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев мәлімдеді. Оның айтуынша, автомектептерді және үміткерлерді тіркеу Ішкі істер министрлігінің ақпараттық жүйесінде жүргізіледі. Бұл үміткерлерге курсты аяқтау туралы куәліктерді мерзімінен бұрын беру және оларды қолдан жасау мүмкіндігін болдырмайды.

Оқу курсын аяқтағаны туралы куәлікті электронды нұсқаға толық көшіру бойынша жұмыс атқарылып жатыр. Бұл өз кезегінде жалған немесе оларды формальды түрде алуды болдырмайды. Сол сияқты жалған медициналық қорытындыларды болдырмау мақсатында Денсаулық сақтау министрлігі анықтамаларды электрондық форматқа ауыстырды, – деді спикер ОКҚ алаңында өткен баспасөз мәжілісінде.

Сонымен қатар, жүргізушілерді даярлау сапасын арттырудың тиімді шараларының бірі автомектеп ашу қызметін рұқсат беру тәртібіне қайтару болып саналады.