Түркістан облысында алаяқ тұрғындардың 337 млн теңгесін қолды қылған
Күдікті қамауға алынды
Түркістан облысында полиция 90-ға жуық адамды алдап, 337 миллион теңгені қолды қылған күдіктіні ұстады, деп хабарлайды Halyq Uni.
Облыстық ПД криминалдық полиция басқармасының «Киберпол» арнайы тобының қызметкерлері интернет алаяқтыққа қатысы бар 34 жастағы ер адамды ұстады. Күдікті жәбірленушілерге қаражатын көбейтіп беруге уәде беріп, онлайн-несие рәсімдеген. Алаяқтық жолмен тапқан қаражатты жеке басының пайдасына жаратқан.
Тексеру кезінде күдіктінің жалпы 87 жайтқа қатыстылығы дәлелденді. Жәбірленушілерге келтірілген шығын көлемі 337 миллион теңгеден асты. Күдікті қамауға алынды, – делінген полиция хабарламасында.
Сонымен қатар интернет алаяқтыққа қатысы бар 22 жасар жас жігіт анықталды. Оны облыс полицейлері Алматы қаласында ұстады. Күдікті әлеуметтік желіде жиһаз құрастыру бойынша жалған парақшалар ашып, жәбірленушілердің тапсырысын қабылдап, ақшаларын иемденіп отырғаны белгілі болды. Күдіктінің Түркістан облысы көлемінде 4 қылмыстық іске, ал республика бойынша 18 іске қатыстылығы анықталып отыр. Тергеу жалғасып жатыр.