Halyq Uni логотип
×

Қазақстан мен Қатар әскери байланысты нығайтады

Келісім 5 жылға жасалады

 Дәурен Ерболат 14.11.2024 | 10:25
Қазақстан мен Қатар әскери байланысты нығайтады
Фото: gov.kz

Сенаттың жалпы отырысында депутаттар «Қазақстан үкіметі мен Қатар үкіметі арасындағы әскери ынтымақтастық келісімін ратификациялау туралы» заңды мақұлдады, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Қос мемлекет үкіметі арасындағы әскери ынтымақтастық туралы келісім 2023 жылдың 12 желтоқсанында Доха қаласында жасалған.

Келісімді ратификациялау екі мемлекет арасындағы әскери білім беруге, әскери қызметшілерді даярлауға, біліктілікті арттыруға, әскери медицина, ғылым, мәдени, спорт саласында ынтымақтастық іс-шараларын өткізуге, және өзге де салалаларда келісілген қызметтер мен жұмыстарды атқаруға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ қызметшілерге тіл үйрету, ақпараттың құпиялығын сақтау, кедендік рәсімдеу, дауларды шешу, тәжірибе алмасу, бірлескен оқу-жаттығу өткізу, бейбітшілік пен бітімгерлікті қолдау операцияларда консультация алу қарастырылған, заң мәселелері бойынша түзетулер енгізу тәртібі айқындалған, - деді сенатор Ғалиасқар Сарыбаев.

Сенатордың айтуынша, келісім жауынгерлік даярлық іс-шараларын өткізу кезінде осы елдердің әуе кеңістігін және әскери полигондарын өзара келісілген мерзімдерде пайдалану, техникаларды тасымалдау мүмкіндігін көздейді.

«Заңды орындау барысында туындайтын шығыстарды, егер әрбір нақты жағдайларда өзге тәртіп көзделмесе, мемлекеттердің заңнамасы аясында тараптар көзделген қаражат шегінде өздері дербес көтеретін болады.

Қазақстан және Қатар үкіметтерінің  заңды іске асыру жөніндегі уәкілетті органдары ретінде екі елдің Қорғаныс министрліктері белгіленген.

Уәкілетті органдар тараптардың қызметін айқындайды, ұйымдастырады және үйлестіреді, қажет болған жағдайда бірлескен жұмыс тобын құрады.

Жұмыс тобы уәкілетті органдардың келісімі бойынша екі мемлекеттің аумағында кезекпен отырыс өткізеді», - деді депутат.

Ғалиасқар Сарыбаев келісім 5 жылға жасалатынын атап өтті.

Егер бұл мерзім аяқталғанға дейін тараптар 6 айдан кешіктірмей келісімнің қолданысын тоқтату туралы хабардар етпесе, уағдаластық келесі 5 жылға автоматты түрде ұзартылады.

Екі ел арасында тығыз саяси диалог, экономикалық серіктестік және мәдени-гуманитарлық байланыс нығайып жатыр. Қатар мемлекеті – Ислам әлеміндегі біздің сенімді және маңызды әріптесіміз, - деді сенатор.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама