×

ҰҚК Самат Әбіштің қайда екенін айтты

Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Самат Әбішке қатысты тың дерек шықты

 Халық үні 14.01.2022 | 08:45
фото: instagram.com/khabib_nurmagomedov/

Ұлттық қауіпсіздік комитеті ҰҚК төрағасының бірінші орынбасары Самат Әбішке қатысты ақпарат жариялады.

Келіп түскен сұрауларға сәйкес, Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бірінші орынбасары Самат Әбіш өз қызметінде екенін хабарлаймыз, - дейді ҰҚК.

Комитет мәліметінше, ол қазір, яғни 13 қаңтардан бастап жыл сайынғы демалысында жүр. Нақтыласақ, ол өз қызметінен кеткен жоқ, әлі ҰҚК төрағасының бірінші орынбасары лауазымын атқарады.

Атап өтсек, 2 қаңтарда Жаңаөзенде басталған наразылық акциясы басқа қалаларда да жалғасты. 4 қаңтарда Алматы қаласында басталған митингтің ертеңі дүрбелеңге, қанды оқиғаға ұласты.

Осы жағдайға байланысты барлық аймақта төтенше жағдай режимі енгізіліп, Қасым-Жомарт Тоқаев Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына мүше мемлекет басшыларынан террорлық сын-қатерді еңсеруде көмек сұрады. Президент «Алматыға 20 мың террорист шабуылдады» деген пікір айтты.

6 қаңтарда ҰҚК қылмыстық кодекстің 175-бабы 1-бөлігі бойынша елге опасыздық жасау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын бастады. Сол күні осы қылмысты жасау күдігімен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов және басқа тұлғалар ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Кейін Мәсімов пен өзге адамдарға қатысты сотқа дейінгі тергеу жайлы белгілі болды. Кәрім Мәсімов билікті күшпен басып алуға әрекеттенді деген күдікке ілінді. ҰҚК комитеттің бұрынғы төрағасы Мәсімовке қатысты мемлекетке опасыздық жасау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді жалғастырып жатыр.

Осы істің шеңберінде билікті күшпен басып алуға және лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалануға бағытталған іс-әрекеттер фактілері бойынша қосымша сотқа дейінгі тергеп-тексерулер басталды, – дейді Ұлттық қауіпсіздік комитеті.

Аталған қылмыстарды жасады деген күдікпен Кәрім Мәсімовтен басқа ҰҚК төрағасының бұрынғы орынбасары – «А» арнайы мақсаттағы қызмет бастығы А.Садықұлов және комитет төрағасының бұрынғы орынбасары Д.Ерғожин ұсталды. Тергеу жалғасып жатыр.

САМАТ ӘБІШ

Білімі:

Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің академиясы (2000);

Ресей Федерациясының СБҚ академиясы (2002).

Марапаты:

ІІ дәрежелі «Даңқ» орденімен, ведомстволық әрі мерейтойлық медальдармен наградталған;

ҰҚК Құрметті қызметкері;

2017 жылы ұлттық қауіпсіздік генерал-лейтенанты атағы берілді.

Мансабы:

2000-2006 жж. – ұлттық қауіпсіздік органдарының офицерлік лауазымдарында қызмет атқарды;

2006-2013 жж. – ҰҚК органдарының басшылық лауазымдарында қызмет етті;

2013-2015 жж. – ҰҚК төрағасының орынбасары;

2015 жылдан бастап – Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бірінші орынбасары.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама