Психотроптық заттарды сақтаған күдікті Түркиядан экстрадицияланды
Ол екі жыл бойы халықаралық іздеуде болған
Психотроптық заттардың аналогтарын сату мақсатында сақтаған күдікті Түркиядан экстрадицияланды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Қазақстанның Бас прокуратурасы мен ІІМ Интерполының қызметкерлері Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің көмегімен Түркиядан аса ірi мөлшерде психотроптық заттардың аналогтарын сату мақсатында заңсыз сақтағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту мақсатында Қазақстан азаматын экстрадициялады, деп мәлімдеді Бас прокуратура.
Астанада 2022 жылдың желтоқсанында полиция қызметкерлері жедел іздестіру шараларын жүргізу барысында одан 17 қапшықта аса ірі көлемде меткатинон тәркіледі. Қылмыс жасағаннан кейін күдіктінің жасырынуына байланысты ол халықаралық іздеуге жарияланды, – деп қосты ведомство.
Биыл қазанда күдікті Анталья қаласында ұсталып, кейін Қазақстанға экстрадицияланды. Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Айыпталған қылмысты жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, 10 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.