Сондай-ақ, дәрігерлердің үстінен түсетін шағым саны артқан
Соңғы бес жылда елімізде медицина мамандарының тапшылығы екі есеге артып отыр. Бүгінде бос орындар саны 23,1 мыңға жеткен. Бұл туралы Есеп комитеті отырысы кезінде хабарланды.
Біріншісі – медицина кадрлары тапшылығының артуы. 2017-2021 жыл аралығында тапшылық екі есе – 10 мыңнан 23 мыңға дейін артты. Бүгінде осы мәселені шешу лауазымдарды біріктіру арқылы жүзеге асырылып отыр. Қазір толық емес жұмыс уақытының жалпы коэффициенті 1,5-тен 2-ге дейін өзгерді. Мұның бәрі медицина мамандарына үлкен жүктеме әкеледі, – деді комитеттің Экономиканың нақты секторына аудит жүргізу департаменті директорының орынбасары Нұрлан Катренов.
Шенеуніктің айтуынша, аудит қорытындысы бойынша бірқатар жүйелі проблема мен кемшілік анықталған. Сондай-ақ, дәрігерлердің үстінен түсетін шағым саны артқан. Спикер бұл жағдайды жоғары жүктемеге байланысты екенімен түсіндірді.
«Медициналық білімі бар мамандардың шетелге кетуі жиілегені байқалады. Соңғы 5 жылда олардың саны 5 мыңға жетті. Сондай-ақ, медициналық білімі бар мамандар қартайып жатыр. Бүгінде зейнетке дейінгі жастағы дәрігерлер шамамен 30 пайызға жетті», – деді Нұрлан Катренов.