Легионерлерге мемлекеттен қаржы бөлмеуді көздейтін заң жобасы мақұлданды

Дәурен Ерболат

Мырзабосынов өзгерістер спорт жүйесін жаңғыртуға оң әсер береді деп санайды

Фото: Halyq Uni

Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне дене шынықтыру және спорт, сондай-ақ нормалардың артық (шамадан тыс) заңнамалық регламенттелуін болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Заң жобасы басымдық берілетін спорт түрлерін Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиада, Азия ойындарында ұлттық құрама командаларының көрсеткен нәтижесі бойынша іріктеуді көздейді.

Қазір республика бойынша 180-нен аса спорт түрі дамып жатыр. Бірақ жыл сайын 13 жазғы және 5 қысқы олимпиадалық спорт түрінен медаль жеңіп аламыз. Осылайша, біз жыл сайын уәкілетті орган ретінде балалар-жасөспірімдер спорт мектептері мен мектеп-интернаттар шығынының өскенін байқап отырмыз. Шығынның елеулі бөлігі олимпиадалық емес спорт түрлерінің дайындығына жұмсалады, - деді Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов.

Заңға сәйкес спорт федерацияларының қызметі де өзгереді. Қазір жергілікті, өңірлік және республикалық федерациялар жеке субъектілер ретінде саналады. Олар бір-біріне бағынбайды.

Министрдің пікірінше, мұның бәрі мүдделер қақтығысына, жауапкершіліктің бұлыңғырлығына және спортты дамытудың «баяулауына» әсер етеді.

«Ұсынылып отырған модель жергілікті федерациялардың аккредиттелген республикалық (өңірлік) спорт федерацияларына бағынуын көздейді. Осыған байланысты заң жобасы аясында жоғары жетістіктер түріне жататын спорт түрлерін нақты шектеу ұсынылады. Бұл – Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиада, Азия және Пара Азия ойындары бағдарламасына енгізілген спорт түрлері, сондай-ақ ұлттық спорт түрлері. Олардың ішінде медальдық нәтижесі бар спорт түрлері басым спорт түрлеріне қосылады. Тиісінше, республикалық әрі жергілікті деңгейде бірінші кезекте қаржыландырылады. Спорт резерві тек жоғары жетістіктер спортының түрлері бойынша даярланады», - деді Ербол Мырзабосынов.

Ведомство басшысы бұл өзгерістер спорт жүйесін жаңғыртуға, оның нақты нәтижеге жұмыс істеуіне оң әсер береді деп санайды.

Бюджет қаражатын жұмсаудың тиiмдiлiгi және барлық спорт субъектiсінің жауапкершiлiгi артады, - деді министр.

Сонымен қатар заң жобасы аясында Қазақстан азаматы саналмайтын спортшыларды мемлекеттік бюджет және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қаражаты есебінен қаржыландыруға тыйым салынады.

Заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.