Жаңа тәртіп көпшілікке тиімді бола ма екен?
Қазақстандықтардың шетелде жұмыс істеуі туралы жаңа ереже әзірленді, деп хабарлайды Halyq Uni.
Еңбек министрлігі бұйрық жобасын «Ашық» НҚА порталында жариялады. Аталған құжатқа сәйкес, шетелге жұмысқа орналасуға баратын Қазақстан азаматына кәсіптік біліктілігі мен дағдыларын арттыру курсы ұйымдастырылады. Бұған қоса, шетелде жұмыс істеген кезде оның еңбек құқықтарын қорғау шаралары қарастырылады.
Құжаттың басты тұсы – Қазақстан азаматын шетелге жұмысқа орналастыру жеке агенттік жұмыскерді оның келісімшарты аяқталған соң өз еліне қайтаруға кепілдік бергенде ғана жүзеге асырылады. Ол үшін агенттік жұмыс берілетін елдегі шетелдік банктерге кепілдік жарнасын енгізуі тиіс, – делінген ақпаратта.
Айта кетерлігі, оқу, шетелде тұру, біліктілікті арттыру, медициналық тексеру, ұшақ билеті және басқа да қызметтерді жұмыс ізденуші өз қаражаты есебінен жүзеге асырады.