Министр «Қазақфильмді» жабу туралы сұраққа жауап берді
Балаева киноның дамуы «Қазақфильм» тарихымен тікелей байланысты екенін айтып өтті
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева «Қазақфильм» АҚ жағдайы мәз емес екенін, қаржыландыру мәселесі шешілмегенін айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Кино мен кинематографияның дамуы «Қазақфильм» тарихымен тікелей байланысты. Сондықтан бұл кәсіпорынды сақтап, оны дамыту – ұрпақ міндеті. Бұған дейін Мәдениет және ақпарат министрлігі «Қазақфильмді» тікелей қаржыландыра алмайтынын бірнеше рет айттым, - деді Аида Балаева Мәжілістің жалпы отырысынан кейін.
Министр «Қазақфильм» АҚ жабылмайтынын айтып өтті.
Қазір нақты іс-шара дайындап жатырмыз. Алдымен мәселені заңнамалық деңгейде реттеу керек. Ол – «Қазақфильмді» тікелей қаржыландыруға мүмкіндік беретін норманы заңға енгізу, яғни мемлекеттік тапсырыс арқылы және жеке тетік арқылы қаржыландыру. Осылайша, («Қазақфильм») тікелей қаржыландырылады. Қазір кәсіпорынның мұндай құқығы жоқ, - деді ведомство басшысы.
Аида Балаева кәсіпорынның бүгінгі жағдайы мәз емес екенін мойындады.
Менеджмент тәсілін қайта қарастырып жатырмыз. Қазір «Қазақфильмің» жағдайы мен ондағы инфрақұрылым өте қиын жағдайда тұр. Жалпы қаржыландыру болмаған кезде қандай да бір даму туралы айтудың қажеті де жоқ. Жабдық немесе жеке үй-жайды жалға беруден түсетін қаржыны сонда жұмыс істейтін қызметкерлердің жалақысына жұмсап отыр, - деді министр.