Аида Балаева TikTok қандай жағдайда бұғатталатынын айтты
Министрдің сөзінше, қазір платформаны бұғаттауға қажеттілік жоқ
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Қазақстанда TikTok қандай жағдайда бұғатталатынын айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Министрдің айтуынша, әлеуметтік желілерде, оның ішінде TikTok-тағы заңсыз контент уақытында анықталып, өшіріліп жатыр.
«Ұлттық қауіпсіздігімізге нұқсан келтірген жағдайда TikTok жабылады. Бірақ қазір мұндай сұрақ туындап отырған жоқ. Біз олармен (TikTok әкімшілігімен) бірге нәтижелі жұмыс істеп жатырмыз», - деді Аида Балаева Мәжілістің жалпы отырысынан кейін.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда контенттерді бақылауды арттыру үшін Telegram өкілі тағайындалып, кеңсесі ашылатыны айтылды.
Біздің заңнамаға сәйкес, енді Telegram, WhatsApp және TikTok сияқты интернет-платформалар Қазақстанда өз өкілін тағайындауға міндетті. Telegram-мен олардың өкілін тағайындау және кеңсе ашу туралы келісімге қол жеткізілді — бұл контентті бақылауды арттыруға бағытталған маңызды қадам, – деді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мадиев.