Мәжіліс креативті индустрияны дамытуды көздейтін заң жобасын мақұлдады
Балаева құжаттағы негізгі үш бағытты атады
Мәжілістің жалпы отырысында креативті индустрия өкілдеріне мемлекеттік қолдау шаралары айқындалған заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Депутаттар «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне ақпарат, қоғамдық даму, мәдениет және архив ісі салаларындағы нормалардың артық (шамадан тыс) заңнамалық регламенттелуін болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қолдады.
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева құжаттың үш үлкен бағытты қамтитынын айтты.
«Біріншіден, саланы реттейтін 9 заңға өзгерістер енгізіп, осыған орай олардың мақсатын, міндеттері мен принциптерін қайта анықтайды.
Екіншіден, заң жобасы министрліктің құзыретін заңнамалық тұрғыдан шамадан тыс реттеу мәселесін шешеді. Атап айтқанда, бұрын заңнамаға сілтенетін министрліктің мойнындағы міндеттерді, соның ішінде ішкі процедураларға және басқа мемлекеттік органдармен қарым-қатынас мәселелеріне қатысты нормалар ендігі жерде министрліктің ережесімен реттеледі», - деді ведомство басшысы.
Үшіншіден, президент былтырғы Жолдауында креативті индустрия өкілдеріне мемлекеттік қолдау шараларын қарыстыруды тапсырған болатын.
Бұл заң жобасы креативті өндірісті қолдаудың нақты шараларын көздейтін мемлекеттік саясатты анықтайтын өзгерістерді ұсынады. Мәселен, Үкіметке осы саясатты жүргізу және осы саланы дамытуға жауапты заңды тұлғаларды анықтау сияқты нақты құзырет беріледі.