Браконьерлер азаймай тұр
Павлодар облысында заңсыз аң аулаған браконьер ұсталды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Polisia.kz мәліметінше, облыс аумағында 20 қазаннан 19 қарашаға дейін «Браконьер» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр. Бұл табиғатты қорғау заңбұзушылықтарын анықтауға және жолын кесуге бағытталған.
Осы шара аясында тәртіп сақшылары Железин ауданының Разделное ауылының маңында аудан тұрғыны жүргізген ВАЗ-21060 автокөлігін тоқтатты. Павлодар облысы ПД жергілікті полиция қызметінің бастығы Қуаныш Мұстафиновтың айтуынша, тексеру барысында көлік салонынан аңшы мылтықтары мен екі еліктің өлексесі табылған.
Заңсыз аң аулау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Тәркіленген жануарлардың өлекселеріне сот-биологиялық сараптама тағайындалды. Автомобиль айыппұл тұрағына қойылды, – деді Қуаныш Мұстафинов.
Іс-шара басталғаннан бері сақшылар табиғатты қорғау заңнамасының 95 бұзушылығын анықтап, тоқтатты. Олардың қатарында аңшылық әрі балық аулау ережелерін бұзу фактілері бар. Жалпы көлемі 900 келіден астам заңсыз ауланған балық тәркіленді.
Полиция департаменті табиғатты қорғау заңнамасының сақталуын қадағалау және браконьерлікті болдырмау маңызды екенін еске салып, азаматтарды заң бұзушылықтарға жол бермеуге шақырады.