Сапалы айранды қалай таңдауға болады?
Мамандар кеңес берді
Тұтынушылар құқығын қорғау комитетінің тапсырысы бойынша азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және тұтынушылар құқығын қорғау мақсатында сарапшылар кең таралған сүт өнімдерінің бірі – айранды зерттеді, деп хабарлайды Halyq Uni.
Комитет мәліметінше, «Маңғыстау облыстық тұтынушылар құқығын қорғау қоғамы» қоғамдық бірлестігімен жүргізген зерттеу нәтижелері өте алаңдатарлық.
Алматы облысының Қонаев қаласындағы дүкендердің бірінен сатып алынған айран үлгісі Алматы қаласындағы Ұлттық сараптама орталығы филиалының аккредиттелген зертханасында зерттелді. Талдау нәтижесінде өнімнің Кеден одағының техникалық регламенттерінің талаптарына сай келмейтіні анықталды. Атап айтқанда, каприл қышқылының мөлшері жоғары, ал каприн қышқылының мөлшері төмен болды, – деп қосты ведомство.
Каприл қышқылының мөлшерінің жоғары болуы өндіріс технологиясының бұзылуы немесе өнімнің дұрыс сақталмауы салдарынан болуы мүмкін. Бұл айранның дәмдік қасиеттерінің нашарлауына, сондай-ақ тұтынушылардың денсаулығына теріс әсер етуіне, ас қорыту жүйесінің бұзылуына әкелуі мүмкін.
Ал каприн қышқылы мөлшерінің төмен болуы өнімнің майлылығы бұзылуының белгісі саналады. Бұл оның сапасы мен тағамдық құндылығына теріс әсер етуі мүмкін. Сонымен қатар, бұл оның табиғилығы мен стандарттар сәйкестігіне күмән тудырады.
Сапалы айранды қалай таңдауға болады?
Сарапшылар айран таңдағанда мынадай жайттарға назар аударуды ұсынады:
- Құрамы: табиғи айранда тек пастерленген сүт және ашытқы болуы тиіс.
- Сақтау мерзімі: жарамдылық мерзімі аяқталып бара жатқан өнімдерді сатып алмаңыз.
- Сақтау шарттары: айран тоңазытқышта сақталуы тиіс.
- Ораманың сыртқы түрі: орама бүтін, зақымдалмаған болуы тиіс.
- Өндіруші: сенімді өндірушілерді таңдаңыз