СҚО-да заңсыз аң аулағандар 5 жылға сотталуы мүмкін
Күдіктілерден мылтық пен пышақ тәркіленді
Солтүстік Қазақстан облысында заңсыз аң аулаған тұрғындар 5 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін, деп хабарлайды Halyq Uni.
Polisia.kz мәліметінше, өңірде полиция «Браконьер» жедел профилактикалық іс-шарасын жүргізіп жатыр. Рейд барысында түнде Аққайың ауданында заңсыз аң аулап жүргендер анықталды.
Полиция Audi көлігін тоқтатқан. Оның ішінде ауданда тұратын 31 және 37 жастағы екі адам отырған. Жүксалғыштан 2 сібір елігі табылды. Оларда аңшылықпен айналысуға рұқсат беретін құжаттар болмаған.
Автомобиль ішінен 12-калибрлі МР мылтығы, пышақ табылып тәркіленді. Мылтық та күдіктілердің атына тіркелмеген.
Сотта тұрғындардың кінәсі дәлелденсе, олар 5 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Рейд 20 қазанда басталды, 19 қарашада аяқталады. Іс-шара шеңберінде заңсыз аң аулаудың 110 дерегі, балық аулаудың 15 дерегі анықталды, – деді СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасы құрамындағы Табиғатты қорғау полициясы тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Асхат Қожабаев.