LRT-ның іздеуде жүрген экс-басшысына қатысты жаңа үкім шықты

Халық үні

Үкім заңды күшіне енген жоқ

фото: primeminster.kz

LRT-ның іздеу жарияланған экс-басшысы Талғат Ардан тағы да сырттай сотталды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының хабарлауынша, үкім сотталушыға қатысты халықаралық іздестіру жарияланғандықтан оның қатысуынсыз шығарылған.

Сот мәліметінше, LRT-ның экс-басшысы Талғат Ардан қызмет мүдделеріне қайшы лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдалана отырып, нақты қажеттіліксіз LRT құрылыс жобасы бойынша Қытайдың мемлекеттік даму банкінен сыртқы қарыздың бірінші траншы ретінде 257,6 млн долларды заңсыз сұратқан. Алайда оған «қаражат түскен сәттен бастап жоба бойынша пайдаланылмаған» деген айып тағылған.

Еске сала кетсек, Талғат Ардан Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 03.05.2023 жылғы үкімімен аса ірі мөлшерінде бюджет қаражатын талан-таражға салғаны үшін (ҚР ҚК-нің 189-бабы 4-бөлігінің 2) тармағы) сырттай мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырыла отырып, 7 жылға бас бостандығынан айырылды.

Сотталушының кінәсі куәгерлердің айғақтарымен, сарапшылар мен мамандардың қорытындыларымен, қылмыстық істің материалдарымен расталды. Сот үкімімен А. ҚР ҚК-нің 361-бабы 4-бөлігінің 3) тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 4 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылды және ҚР ҚК-нің 58-бабы 6-бөлігі қолданылып, соттың 03.05.2023 жылғы үкімі бойынша тағайындалған жазаны ішінара қосу арқылы түпкілікті мемлекеттік қызметте қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 9 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, - делінген хабарламада.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Айта кетсек, 2023 жылдың мамырында Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында LRT ісіне қатысы бар 9 адам сотталған болатын.Сол кезде Талғат Ардан мен Қанат Сұлтанбековке сырттай үкім шығарылып, 7 жылға бас бостандығынан айырылды.