×

Бітімгерлік күштер елден шығарыла бастады. Тоқаев ҰҚШҰ-ға алғыс айтты

Мемлекет басшысы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше елдердің басшыларымен сөйлесті

 Халық үні 13.01.2022 | 18:10
фото: ашық дереккөзден

Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президенті Владимир Путин, Армения Премьер-министрі Никол Пашинян, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров және Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонмен телефон арқылы сөйлесті.

Тоқаев Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымындағы әріптестеріне бүгін, 13 қаңтарда бітімгерлік күштердің мемлекетімізден шығарыла бастағаны жөнінде мәлімет беріп, Қазақстанға жасалған террорлық шабуыл кезінде қолдау көрсеткендері үшін алғыс білдірді, – дейді Ақорда.

Мемлекет басшысы «ұжымдық бітімгерлік күштерінің елімізге қысқа мерзімге келуі ҰҚШҰ-ның беделді халықаралық ұйым ретінде қажетті әрі тиімді екенін көрсетті» деді.

Атап өтсек, 2 қаңтарда Жаңаөзенде басталған наразылық акциясы басқа қалаларда да жалғасты. 4 қаңтарда Алматы қаласында басталған митингтің ертеңі дүрбелеңге, қанды оқиғаға ұласты.

Осы жағдайға байланысты барлық аймақта төтенше жағдай режимі енгізіліп, Қасым-Жомарт Тоқаев Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына мүше мемлекет басшыларынан террорлық сын-қатерді еңсеруде көмек сұрады. Президент «Алматыға 20 мың террорист шабуылдады» деген пікір айтты.

6 қаңтарда ҰҚК қылмыстық кодекстің 175-бабы 1-бөлігі бойынша елге опасыздық жасау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын бастады. Сол күні осы қылмысты жасау күдігімен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов және басқа тұлғалар ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Мәсімов билікті күшпен басып алуға әрекеттенді деген күдікке ілінді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама