Алматыда 12 млн теңгенің жылқыларын ұрлаған барымташы қолға түсті

Қымбат Елтайқызы

Мал ұрлығы азаймай тұр

фото: АШМ

Алматы облысының тұрғыны ауылдасының 12 млн теңге тұратын жылқыларын ұрлаған, деп хабарлайды Halyq Uni.

Polisia.kz мәліметінше, Алматы облысының тәртіп сақшылары жайылымнан 14 жылқыны ұрлады деген күдікке ілінген тұрғынды ұстады. Оқиға 7 қараша күні 39 жастағы жергілікті тұрғын 14 жылқының жоғалып кеткенін мәлімдеген кезде белгілі болды.

Келтірілген шығын 12 миллион теңгені құрады. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, жедел-іздестіру іс-шаралары ұйымдастырылды, – деді Жамбыл аудандық полиция бөлімінің бастығы Асхат Данияр.

Жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде сақшылар «ізін суытпай» күдіктінің жеке басын анықтады. Ол жәбірленушінің ауылдасы болып шықты.

«Күдікті ұрланған жылқылардың бір бөлігін сатып үлгерген. Қазір жәбірленушіге жылқылардың қалғаны қайтарылды. Ал ұрланған малды сатып алушыға қатысты тексеру жүргізіліп жатыр», – деп толықтырды Данияр.

Күдіктіге қатысты сот қамауда ұстау шарасын белгіледі. Полицейлер ер адамның осыған ұқсас басқа қылмысқа қатысы бар-жоғын тексеруде. Тергеу жалғасып жатыр.