Ол шақыртуды өзіміздің Сыртқы істер министрлігінен алған
Әнші Қарақат Әбілдина Малайзияда өтетін бизнес-форумда ұлттық құндылықтар туралы баяндама жасайды. Бұл туралы оның өзі Instagram-дағы парақшасына жазды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Малайзияның Куала-Лумпур қаласына ұлымды ертіп жолға шығып барамын. Бұл сапардың мен үшін маңызы ерек, жөні бөлек. Еліміздің Сыртқы істер министрлігінен Азия елдері қазақтарының кіші құрылтайына қатысу туралы шақырту алған сәтте алдымен таңырқағаным рас. Өйткені бұл жерде мемлекеттік маңызы бар шарада ұлттық құндылықтарымыз жайында баяндама жасауға ұсыныс түсті. Ұлтымыздың дәстүрлі өнерін дәріптеп, халық әндерін эстрадамен ұштастырып, қазақ қызының қос бұрымындай болған өнерім мен өмірім арқылы ұлттық құндылықтарымызды насихаттап, салт-дәстүрімізді дәріптеп жүрген өнер адамы ретінде және көп балалы ана екенімді ескеріп, маған таңдау түскен екен, - дейді әнші.
Айтуынша, ол шараны Қазақстан Республикасының Малайзиядағы елшілігінің қолдауымен сол елдегі қазақ қауымдастығы және «Отандастар қоры» ұйымдастырған. Сондықтан әнші «ұлттық құндылықтарымыз туралы білгенімізді баяндаймын» деп отыр. Оқырмандарынан өзіне сәттілік тілеп қоюды сұрады.