Halyq Uni логотип
×

57 млн теңгені жымқырған қазақстандық Швециядан экстрадицияланды

Күдікті тергеу изоляторына қамалды

 Дәурен Ерболат 09.11.2024 | 14:14
57 млн теңгені жымқырған қазақстандық Швециядан экстрадицияланды
Скрин видео

Бүгін бөтеннің мүлкін аса ірі көлемде жымқырды деген күдікпен Қазақстан азаматы Швеция корольдігінен экстрадицияланды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Ер адамды ұстау үшін Бас прокуратура, Ішкі істер министрлігі, Интерпол қызметкерлері мен Қазақстанның Стокгольмдегі елшілігі бірлесіп, жұмыс істеді.

Күдікті 2015–2020 жылдары Шымкенттегі сауда орталығында еңбек еткен. Осы уақыт аралығында ол өзіне сеніп тапсырылған шамамен 57 млн теңгені жымқырған. Қылмыс жасағаннан кейін күдікті шетелге қашып кеткен. Содан кейін оған халықаралық іздеу жарияланды, - деп жазылған Бас прокуратура таратқан хабарламада.

Биыл ақпанда күдікті Швецияда ұсталды.

Бас прокуратурасының өтініші бойынша күдікті Қазақстанға экстрадицияланып, қазір Астана қаласының тергеу изоляторына қамалды, - деп жазылған хабарламада.

Аса ірі көлемде қаржы жымқыру қылмысы бойынша мүлкін тәркілеу, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан 10 жылға дейін айыру немесе 7 жылдан 12 жылға дейінг бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Айта кетейік, Швеция мен Қазақстан арасында қылмыс жасағандарды экстрадициялау туралы келісім жоқ. Осыған қарамастан күдіктіні экстрадициялау Бас прокуратура мен Швеция Әділет министрлігі арасындағы тығыз ынтымақтастықтың арқасында мүмкін болды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама